3606

 

 

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Холокост құрбандарын еске алу күніне орай дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел барысында жиылғандарға ҚХА кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Сәуле Мамытова екінші дүниежүзілік соғыстың және халыққа қарсы жасалған кең ауқымды геноцидтің  сұмдықтары туралы баяндап берді.

«Бірлік» студенттік Ассамблея атынан сөз сөйлеген Рамил Смаилов өз ойын былайша өрбітті: «Онжылдықтарды талап ететін өзгерістер бірнеше айлардың жүзінде орындалып, біздің көз алдымызда әлем өзгеріп келеді. Күнделікті адамдық түсініктер мен құндылықтардың өзгеріп жатқанына куә болудамыз. Біз, Ұлы Отан соғысының зұлматтарын көрген біртұтас халық ретінде бірлігімізге бастау болатын ақиқаттың алтын дәнін жүрегімізде сақтауымыз қажет».  

«Мерказ» еврей ұлттық мәдени облыстық бірлестігінің құрметті мүшесі, педагогикалық еңбектің ардагері Хана Лобченконың айтуынша, депортация және соғыс кезінде Қазақ даласы кең пейілімен, ыстық құшағымен қуғындалып жүрген еврейлерді бауырына басты. Ол өз сөзінде құтқарылған тағдырлар үшін қазақ халқына және көптеген жандардың отанына  айналған Ұлы далаға еврей халқы риза екенін жеткізді.    

Еврей халқының басынан өткерген зұлматтары мен Холокост турасындағы тарих беттеріндегі ақиқаттары туралы Даржуман атындағы ұлттық өрлеу мектебінің еврей бөлімінің студенттері әңгімелеп берді. И. Тверитнева, З. Сафина және Н. Нарынскаяның қолдауымен олар Холокост құрбандарын әлемнің әр түкпірінде қалай еске алатын турасында да айтып өтті. Сондай-ақ, Ирина Тверитнева ПМУ қабырғасында өткен дөңгелек үстелге мұрындық болғанын ескереміз. 

Кездесуде қатысушылар Израилден келген қонақ А. Целовальниковтың да мағыналы да танымды әңгімесін ұйып тыңдады. Қонақ ел бірлігіне ұйытқы болып отырған ҚХА жұмысына былайша баға берді: «Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды ұлттарды бір тудың астына ұйыстыратын ұйым ешбір елде жоқ. Ал дәл бүгінгі күні мұндай ұйым жұмысының маңыздылығы артып отыр». 

 

Дөңгелек үстел жұмысын Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. З. Марданова қорытындылады: «Холокост енді қайталанбасын: саны аз халыққа жасалған адамзаттың қылмысы – кейбірінің өшпенділігі және басқалардың үнсіз келісуі...»

www.psu.kz

 

Фото

3607

Фото

3608

Фото

3606