Достық үйі

dostyk

2008 жылғы 30 қыркүйек күні Павлодарда облыстық Достық үйі мәдени-сауық орталығы есігін айқара ашқан болатын. Ол қаланың сәулеттік келбетін көріктендірумен бірге жұрт тамашалап, сүйсінетін ғимаратқа айналды. Оның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысты. Бұл үйді салу жөніндегі идея иесі – Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы.

5800 шаршы метрлі алаңы бар төрт қабатты ғимаратта Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, 24 облыстық этномәдени бірлестіктің, облыс ҚХА жастар бірлестігінің үйлестіру кеңесінің кеңселері, Қанат Болатұлы Даржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебі, сондай-ақ Достық үйінің әкімшілігі орналасқан.

Достық үйінде конференц-зал мен акт залы, дайындық және хореографиялық залдар, мультимедиялық, компьютерлік және оқу сыныптары, медиа-орталық, ұлттық әдебиет кітапханасы мен мұражайы бар.

2010 жылғы 10 желтоқсан күні Торайғыров көшесі 48 үйде орналасқан, Достық үйінің 300 адамға арналған "Достық" концерттік залының салтанатты ашылуы болды. Зал қазіргі заманғы акустика, дыбыс және жарық аппаратураларымен жабдықталған.

Мәдени-сауық орталықта этномәдени бірлестіктер негізінде 27 вокалдық-хор және 17 би ұжымдары, өз мүдделеріне байланысты көптеген клубтар қызмет етеді.

2012 жылдан бастап Достық үйінде www.pvldostyk.kz веб-сайты қызмет етеді, сайтта мекеменің қызметі туралы ақпараттар көрсетіледі. Сайт мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Веб-сайттың қызықты да, мазмұнды бөлімі фотогалерея болып табылады, фотогалерея – Достық үйінің бөлімдерімен және облыс Қазақстан халқы Ассамблеясының шығармашылық ұжымдарымен өткізілетін шаралар туралы өзіндік бейнелі есеп.

2013 жылғы наурыз айынан бастап Достық үйінде медиа-орталық қызмет етуде, оның міндеттеріне мекеменің қызметі туралы қоғамға уақтылы және жан-жақты хабарландыру кіреді. Оның жұмысының арқасында біз Достық үйінің барлық шараларын БАҚ-та тұрақты жариялауға қол жеткіздік.

Достық үйінің бес жылдығын мерекелеу қарсаңында жаңа «Достық шаңырағында» газеті жарық көрді. Оның беттерінде облыстың барлық 23 этномәдени бірлестіктің, Достық үйі шығармашылық ұжымдарының, бөлімдерінің жемісті еңбегі туралы жария етіледі.

Достық үйінде этномәдени бірлестіктермен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлім, халық шығармашылығы бөлімі, жастармен және балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлім қызмет етеді. Бөлім мамандары қоғамдық маңызды шараларға белсенді қатысып, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізеді.

Достық үйінің этномәдени бірлестіктермен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлімі ҚХА-мен тығыз қарым-қатынас жүргізеді, алуан түрлі нысандағы және түрлі тақырыптық бағыттағы шараларды ұйымдастырып, өткізеді. Ол қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі шараларды ұйымдастыруда және оларды өткізуде әдістемелік, сценарийлік, режиссерлік көмек көрсетеді. Бөлім өзінің жұмысын ұйымдастыруда тек ірі шараларды (халық шығармашылығы фестивальдері, этномәдени бірлестіктердің мерейтойлары, халықтық дәстүрлі мейрамдар, тақырыптық кештер) ұйымдастырып қана қоймайды, сонымен бірге камералық формаларды (шығармашылық зертханалар, шығармашылық қонақ үйлер, тақырыптық танымдық бағдарламалар) қолданады.

 Халық шығармашылығы бөлімінің негізгі міндеттері: ұжымдардың толыққанды жұмысы үшін қажетті жағдайларды құру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру (шығармашылық ұжымдардың инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыздандыру және материалдық-техникалық базасын нығайту); шығармашылық ұжымдардың жұмысын үйлестіру және оларға көркемдік деңгейін көтеруде әдістемелік көмек көрсету; шығармашылық ұжымдарға репертуарларын құруда және музыкалық материалын таңдауда көмек көрсету; концерттерді, шығармашылық кездесулерді, ұлттық мерекелерді ұйымдастыру болып табылады.

Бөлім мамандары Достық үйінің шығармашылық ұжымдарына және клубтық бірлестіктеріне үнемі әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетеді.

Достық үйінде өз ісін жақсы білетін, білікті мамандар қызмет етеді, олар: А.А. Абдикаримов («Ару ана» хор ұжымы), Н.Б. Беков (Достық үйінің хореографиялық ансамблі), С.И. Дьяченко («Аногенниси» хореографиялық ұжымы), О.К. Ленский («Крыницы» вокалды ансамблі), Г.А. Ташимов («Чишмя» және «Сеспель» вокалды ансамбльдері), Н.Ф. Федосова («Раздолье» және «Paradiez» хореографиялық ансамбльдері), В.И. Федосов (казактар одағының хореографиялық ансамблі).

Көптеген ұжымдар Достық үйінде қызмет еткен уақыты ішінде облыс шегінен тысқарыда әйгілі болды. «Wir» и «Мирас» вокалды ансамбльдері (Н.В. Шабулдаева), «Иртышская линия» халықтық казак хоры (В.Н. Ковеня), «Эвришим» хореографиялық ұжымы (Ш.А. Бекова), «Надзея» вокалды тобы (Т.П. Пучек), «Воля» халықтық казак әндерінің ансамблі (М.С. Немцева), «Ялкын» хореографиялық ансамблі (Л.В. Мусселиус) беделді республикалық және халықаралық фестивальдер мен байқаулардың лауреаттары атағына ие болды.

Республикамыздағы жалғыз бандуристтер ансамблі құрылды, жетекшісі – Г.В. Григориади.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысының тапсырмасы бойынша 2014 жылғы қаңтар айында ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысында аналитикалық-әдістемелік жұмыс жөніндегі бөлім құрылды, бөлімге Г.С. Самсенова басшылық етеді. Бөлімнің негізгі мақсаты: ЭМБ-ге әдістемелік көмек көрсету, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі мүшелерімен тығыз байланыс орнату, Достық үйінің қызметіне үнемі мониторинг пен талдау жүргізу, әр түрлі жоспарлы шаралар өткізу.

Достық үйінің жастармен және балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлімі және облыс ҚХА жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі бірлесіп жұмыс істейді. Бірлескен көптеген қызықты іс-шаралар өткізілді, шаралардың мақсаты жастар ортасында толеранттық тәртіпті қалыптастыру, жас ұрпақты ұлтаралық келісім және бірлік рухында тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді насихаттау болып табылады.

Жастармен және балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі бөлім облыстың үкіметтік емес ұйымдарымен, мемлекеттік органдарымен және мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Достық үйінде аймақ этностарының мәдени-тарихи мұрасын сақтау мақсатында мұражай қызмет етеді. Мұражай қоры Достық үйінде орналасқан этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен әрдайым толықтыру үстінде. Мұнда ұлттық киімдердің, халық тұрмысының, халықтық-қолданбалы өнерінің атрибуттары, сирек кездесетін фотосуреттер мен жазбалар көрсетілген. Экспозициялар арқылы түрлі этностардың ерекшеліктерін терең түсіне алады, олардың тарихымен, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен таныса алады. Мұнда сондай-ақ Достық үйінің фото және бейнематериал картотекасы сақталынады. Мұражай жанында ұлттық кітаптар кітапханасы орналасқан. Кітапхана қорында аймақ этностарының тіліндегі кітаптар, газет-журналдар бар. Кітапхана жұмысының негізгі мақсаты мәдени және тілдік алуандықты ақпараттық қолдау, көпұлтты аймақ жағдайындағы этникалық сана-сезім мен этносаралық толеранттылықты қалыптастыру болып табылады. Мұражай мен кітапханада әрдайым тақырыптық көрмелер, экскурсиялар жүргізіледі. Достық үйінің мұражайы мен кітапханасына әр тілек білдіруші адам келе алады.

Достық үйі ашылғаннан бастап аймақтық, республикалық және де халықаралық деңгейдегі ресми мемлекеттік шараларды, форумдарды, отырыстар мен кездесулерді, концерттерді ұйымдастыру орталығына айналды.

Солардың ішіндегі ең ірілері мен маңыздылары: облыстық этникалық мәдениеттер фестивалі, «Бірлік - Единство.kz» шекара маңы ынтымақтастығының үшінші халықаралық жастар форумы, «Ертіс – достық өзені» атты халықаралық фольклорлық-этнографиялық фестивалі, республикалық этномәдени бірлестіктердің жастар құрамалары арасындағы «Менің Қазақстаным» зияткерлік шоуы, «Мәдениет диалогынан – диалог мәдениетіне» атты этномәдени орталықтары жастар бірлестіктерінің облыстық форум-фестивалі, облыстық этномәдени бірлестіктердің жастар ұжымдары арасындағы жыл сайынғы мемлекеттік тілдегі патриоттық әндер байқауы, Славян және түркі жазулары күндері, «Бір отбасында тұрамыз» атты жазғы фестиваль аясындағы ұлттық мәдениеттер күндері, «Золотая осень» атты жыл сайынғы орыс мәдениеті мен өнері фестивалі және тағы басқалары.

Сондай-ақ Достық үйі негізінде Наурыз, Қазақстан халқы бірлігі, Жеңіс күні, Астана күні, Қазақстан Республикасы Конституциясының күні, Тұңғыш Президент күні, Қазақстан тәуелсіздігінің күні сияқты мерекелерге арналған салтанатты шаралар мен халық серуендерін өткізу игі дәстүрге айналды.

Бүгінгі күні Достық үйі әр жастағы адамдарға сан алуан шараларды ұсынып, толыққанды мәдени өмірді бастан кешуде.

Достық үйі маңызды шараларды өткізетін орын ғана емес, сонымен бірге мұнда күн сайын әр түрлі ұлттар мен мәдениет өкілдері жұмыс істейтін құтты мекен, ол – Павлодар облысы аумағындағы достық, бірлік пен бейбітшілік символы.