2892

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Павлодар облысының этномәдени бірлестіктері өкілдері студенттерге Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы туралы сабақ өткізді.

 Сабақтың модераторлық қызметін С. Торайғыров атындағы ПМУ «Бірлік» студенттік Ассамблеясының төрағасы Рамил Смаилов атқарды. Рамил Смаиловтың айтуынша, Қазақстан халқы ассамблеясы ұлттар мен ұлыстар арасындағы бірлік пен келісімді, татулық пен достықты орнатуға ықпал етуші институт.

– Ассамблеяның қызметі мерекелерде ұлттық шаралар өткізумен шектелмейді. Ассамблея – ғылым, журналистика, этно саясат, десем қателеспеймін. Сондықтан, бүгінгі жастар Ассамблеяның идеяларын түсініп, оны насихаттау арқылы елдің бейбіт те жарқын болашағын орнатады, – деді Рамил.  

Сабақ С. Торайғыров атындағы ПМУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Сәуле Мамытованың тарихи деректер мен нақты дәйектерге негізделген дәрісінен басталды.

Кездесудің құрметті қонағы «Павлодар облысы мұсылман әйелдер лигасы» ҚБ төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Бақытжамал Максилова студентерді этномәдени бірлестіктердің қызметі жайында қанық етті. Қонақ отансүйгіштік қасиет – еліміздің кемелді болашағы үшін негзгі діңгек екенін айтып, жастарға барлық жетістіктер мен жеңістер Отанын сүюден басталатынын жеткізді.

Павлодар облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық жастар бірлестігін үйлестіру кеңесінің төрайымы Элина Паули Павлодар мемлекеттік университетінің «Бірлік» студенттік Ассамблеясының  жұмысын жоғары бағалады. Ол өз сөзінде жастар ел ішіндегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен келісімнің жаршысы болу керектігін айтты.

Сондай-ақ, Даржуман атындағы ұлттық өрлеу мектебінің шешен-ингуш  бөлімінің оқытушысы Лейла Каимова өрлеу мектебінің тыныс-тіршілігі мен тіл меңгеру бойынша жобалардың жүзеге асуын баяндап берді. Мұнымен қоса, ол вайнах ұлтының мәдениеті, дәстүрлері мен дүниетанымы жайында танымды  әңгіме өрбітті.   

Сабақ соңында С. Торайғыров атындағы ПМУ Қазақстан халқы кітапханасының меңгерушісі Елена Лиханова Қазақстан Республикасындағы ұлттар мен ұлыстар, конфессиялар арасындағы достықты, өзара татулықты паш ететін кітаптарды, мерзімдік басылымдарды жариялап, сол еңбектердің ерекшеліктерін сипаттап берді. 

Фото

2893

Фото

2892

Фото

2894