2493

Павлодарда облыстық Мұсылман әйелдері лигасының ұйытқы болуымен Қымызмұрындық мейрамы ұйымдастырылды. Қала ортасындағы сабақта биылғы жылы үшінші мәрте өткізілген ұлттық мерекені тамашалаушылар қатарында:қариялар, жастар, ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері болды.

«Қымызмұрындықта» Ақсу қаласы мен ауылдық аймағы, Успен, Май, Павлодар және Качир аудандары киіз үйлер тігіп, ұлттық тағамдардан дастарқан жайды.

Мерекеге келген көпшілік ақсулықтар пісірген ыстық бауырсақтан ауыз тиіп, әр киіз уйден, сондай-ақ «Сағып»  ШҚ әзірлеген қымыздан дәм татты. Айта кетейік, саябақтың қақ төріне Ақсу қаласының сән-салтанаты келіскен, іші-сырты жаңартылып, ою-өрнекпен көмкерілген сегіз қанат киіз үйі көпшіліктің назарын аударды. Қалаға қарасты М.Омаров атындағы ауыл, Құркөл, Жолқұдық, Еңбек ауылдары ұлттық тамақтың бар түрін әзірлеген екен. Май ауданы тіккен киіз үйдің жанына мұражайларындағы жәдігерлер мен шебер Құрман Тасыжанов жасаған қолөнер бұйымдарын қойыпты.

Әлбетте, қазақ дәстүрінде құлынды ерте байласа қатпа болып қалады деп есептеп, төл қарақұлақтанып, мал көкке тойып, топырақ қызып, тобылғы бүрлегеннен кейін ғана Қымызмұрындық жасаған. Сауыққой, қонақжай ел ертеде бұл мейрамды ел жайлаудан түскенше, тіпті тамыз айына дейін жалғастыратын болған.

Біз Қымызмұрындықты жаз маусымының басында Баянауыл ауданында ұйымдастырдық. Ал бүгінгі мерекені көпшіліктің сұраумен өткізіп отырмыз,-дейді Мұсылман әйелдері лигасы облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыт Максилова.

Сахна төріне Мұсылман әйелдері лигасының мүшелері – әжелер көтеріліп, бата беріп, көпшілікке қасиетті қымыздан дәм татырды. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетов құттықтау сөз сөйлеп, тілек білдірді.Мерекеде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы құрметіне татулық пен ел бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген «Ару ана» вокалды тобының жетекшісі Асылбек Әбдікәрімов, Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің мұғалімі Әлия Апушева, сондай-ақ Қазақстан Мұсылман әйелдері лигасы облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің бір топ мүшесі Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының Құрмет грамотасымен, арнайы дипломмен марапатталды.

Мерекеде Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сейсенбай Жепісбаев, ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР «Парасат» орденінің иегері Зара Қожахметова, бұл күнде қымыз өндіріп, кәсібін дөңгелетіп, еңбегімен ел аузына іліккен «Сағып» шаруа қожалығының басшысы Төлеу Құшманова, т.б. қымызмұрындық мерекесімен көпшілікті құттықтады.

Қымызмұрындық ойын-сауықпен өтті. Жасөспірімдер арасында қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ойындары ұйымдастырылды. «Шаңырақ сазы» вокалды ансамблі, «Томирис», «Жеңеше» би топтары, «Ару ана» ансамблі, Мәрия Әлиакпарова, «Жас қазақ» әнін домбырамен әуелете шырқаған Құралай Уақпаева, жезтаңдай әнші Әсел Ботаеваның өнері көпшілікті тәнті етті. Сондай-ақ, Успен ауданынан келген «Әжелер» вокалды тобы, Павлодар ауданынан, Ақсу мен Качир аудандарының өнерпаздары да тәп-тәуір өнер көрсетті.

 

Сая Молдайып

«Сарыарқа самалы»

Павлодар облыстық газеті

 

 

Фото

2494

Фото

2495

Фото

2496

Фото

2497

Фото

2498

Фото

2499

Фото

2500

Фото

2501

Фото

2502

Фото

2503

Фото

2504

Фото

2505

Фото

2493