9184Өңірлік ассамблея мен «Қоғамдық келісім» КММ мамандары есімі облыс қана емес, алыс-жақын шет елдерге танымал тұлғамен жақынырақ танысу үшін Шафердің музей-үйіне барып қайтты. Ассамблеяның көрнекті өкілі Шафер Наум Григорьевичтің өмірі мен қызығушылығы  туралы қысқаша тоқталып өтсек.
Наум Григорьевич Шафердің есімі тек қана Павлодар тұрғындары ғана емес, тіпті шет елдік музыка майталмандарына танымал. Ол сазгер, әдебиетші ретінде өзінің саналы ғұмырын музыка саласына арнап, әлемде теңдесі жоқ пластинкалар қорын жинады. Шафердің музей-үйі Павлодар қаласында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейді.
Ол Қазақ мемлекеттік университетінде білім алып жүріп, атақты сазгер Евгений Брусиловскийдің класында жеке дәрістер алған. Кейін белгілі композитордың шығармашылығын терең зерттеумен айналысты. Наум Шафер өз туындыларын Нами Гитин деген бүркеншік атымен шығарған.
Осы мұражай қорында 27 мыңнан аса грампластинка, 1500 магнитафон бобиндары, 1500 аудиокасеталар, 500 мыңнан аса музыкалық туындылардың карталары жинақталған. Яғни бүкіл әлем халықтарының әндері мен туындылары бір қорда сақталған. Кітап қорында 20 мың данадан астам құнды еңбектер бар.
Наум Шафердің мұражай үйінде зиялы қауым өкілдері, муызканттардың қатысуымен әдеби кештер, музыкалық салондар жиі өткізіледі. Музей авторының  айтуынша оның музыкаға деген қызығушылығы бала кезінен бастау алған. Балалық шағы өткен Кишинев қаласында оның ата-анасына патефон мен 30 дай жуық күйтабақтар сыйға тартылады. Бала Наум бос уақытын күйтабақтарды тыңдаумен өткізген. Өткен ғасырдың 30-жылдары Кеңестер Одағында белең алған саяси репрессиялар кезінде Шаферлер отбасы  Қазақстанға жер аударылып, зерек бала күйтабақтарын тастамай НКВД жендеттерінен де аман алып қалыпты. 
Музейде қазақ халқының бай музыкалық мұралар қоры сақталған. Мысалы, Латиф Хамиди, Жамал Омарова, Күлаш Бәйсейтова, Роза Бағлановалардың дауыстарын сол күйінде күйтабақтан тыңдауға болады. Музейге сапар барысында халық әншісі, актер, театр режиссері, жерлесіміз Кәукен Кенжетаевтың орындауындағы  «Дудар-ай» әнін тыңдадық.  Музей қорында сақталған  ең көне күйтабақ 1893 жылы жасалған.

https://www.youtube.com/watch?v=R2O5QG2mjGo&feature=youtu.be