9169Павлодар ауданы корей орталығының басшысы Светлана Гир-Соновна Шинді әріптестері жетпіс жас мерейтойымен құттықтады. Мерейтой иесі ұзақ жылдар бойы Ефремовка ЖОМ жанындағы тарихи-өлкетану мұражайының басшысы, Павлодар ауданының қоғамдық келісімінің төрағасы болып қызмет етіп келеді.
Мерейтой иесін құттықтауға Павлодар облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айнұр Сәрсенбаева мен Павлодар облысы корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Раиса Афанасьева келді.
Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Раиса Афанасьева Светлана Гир-Соновна өзінің бүкіл саналы өмірін ауылдық жерде жұмыс істегенін және туған өлкесін зерттеуге көп уақыт бөлгенін атап өтті.
- «Адам үшін ең қымбат нәрсе – бұл өмір, сондықтан, уақыттың мағынасыз өткені үшін жаның ауырмайтындай қызмет ету керек», - деген Раиса Афанасьева жазушы Николай Островскийдің сөзін келтірді. - Сіз еңбегіңізді ауылдық жердегі адамдар мен қоғамға арнап, адал қызмет етіп келесіз.
Раиса Афанасьева мерейтой иесіне корей орталығының атынан құттықтау хатын және естелік сыйлық табыстады.
ҚХА хатшылығының меңгерушісі Шин Светланаға Павлодар ауданындағы еріктілер қозғалысының үздік қатысушысы ретінде жасаған еңбегі үшін алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Сондай-ақ, Айнұр Сәрсенбаева мерейтой иесіне Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың атынан алғыс хат табыс етті.
Светлана Шин «Павлодар География үйі» ҚБ-ің Ефремовка филиалының басшысы әрі ауылдық мектеп жанындағы тарихи-өлкетану мұражайы экспозициясының авторы және музейдің басшысы. 2019 жылы Светлана Шин мектеп мұражайлары арасында өткен «Мұражай - ұрпақтар сабақтастығы» облыстық байқауында «Ең креативті жетекші» номинациясында жеңімпаз атанды.
Светлана Гир-Соновна күйеуімен бірге үш ұл тәрбиелеп өсірді. Оның жұбайы Рамазан Мәмиленов көп жылдар бойы ауыл балаларын боксқа жаттықтырған. Немерелері атасының ісін жалғап, кәсіби спорт саласында еңбек етіп келеді. Бір немересі Қазыбек бұрын Қазақстан чемпионатының Екінші лигасында «Ақсу» футбол клубының қақпашысы ретінде ойнап, қазір Ефремовка ЖОББМ дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Тағы бір немересі Ермахан атасының үлгісімен боксты таңдап, Павлодар педагогикалық университетінде оқи жүріп, осы спорт түрінен спорт шебері атағына үміткер болып үлгерді.

Фото

9169

Фото

9170

Фото

9171