9016Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төл жобасы «Бесік жыры» фестивалі 12 қыркүйек күні онлайн үлгіде өтті. Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп, дәстүрлі іс-шаралар қатарынан орын алған фестиваль Қазақстандағы Отбасы күні мерекесіне орайластырылған және 13 қыркүйек күні жалғастырылады.
Бесік жыры ықылым заманнан келе жатқан, салт-жоралғылар арасында айрықша орын алатын фольклорлық жанр. Жүйіткіген өзгерістер заманында рухани-отбасылық құндылықтарды қоғамға дәріптеу, ұлттық мәдениет пен ғасырлық салт-дәстүрлерді құрметтеп, ұстануды дағдыландыру, өмір есігін ашқан нәрестенің қалыптасуында бесік жырының маңызын айшықтау - шараның түпкі мақсаты. Ананың сәбиіне деген сарқылмас махаббаты, лебізі, қамқорлығы -  бір киелі әнде ұштастырылған.
Екі күн бойы облыстық, қалалық және аудандық этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңестері қатарынан 26 қатысушы бесік жырын орындайды.
- Құрметті Павлодарлықтар! Былтырғы жылы Достық үйі төрінде «Бесік жыры» фестивалі алғаш рет өткен болатын, бұл біздің бірегей жобамыз. Ана -  бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді дейді, биылғы жылғы жағдайға байланысты «Бесік жыры» шарасын сіздерге қашықтықтан арнап отырмыз. Бесік жыры түрлі тілде шырқалса да, барлығының түбі - балаға дұрыс тәрбие беру, қамқорлық таныту. Сондықтан қатысушылар орындауындағы түрлі халықтардың бесік жырын қабыл алыңыздар, - деп  «НҰР-АНА әлемі» ҚБ-нің, Аналар кеңесінің төрайымы – Максилова Бақытжамал Шаханқызының көрермендерге құттықтау сөзін арнап, онлайн іс-шараға бастау берді.
Естеріңізге салсақ, «Бесік жыры» жобасы өткен 2019 жылы алғаш рет «НҰР-АНА әлемі» ҚБ-нің бастамасымен өткізілген болатын. Шара мәресінде барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен ақ орамалдар тарту етілді.

Фото

9016