7000

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Өлкетану» атты жаңа оқулықтың тұсаукесер рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орыбасары Мейрам Бегентаев өз сөзінде балаларымызды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.

- Келер жылдың қаңтар айынан облысымыздың барлық мектептерінде жаңа оқулық бойынша білім беру басталады, - дейді Мейрам Бегентаев. – Білімдерін осы бағытта тереңдеткен өскелең ұрпақ болашақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айқындаған міндеттерді жүзеге асыруға өз үлестерін қосатынына сенім мол. Балалар Ертіс өңірінің ұлы тұлағаларымен мақтанып, солардан үлгі-өнеге алады деген үміт басым.

Жаңа оқулықтың авторларының бірі ПМПУ профессоры Аймекен Сыздықованың айтуынша, сараптамалар мен түзетулерді есептегенде кітапты шығаруға бір жыл уақыт кеткен.

- Аталған оқулық Қазақстан тарихы, география, қазақ тілі мен әдебиеті, сондай-қа ән-күй пәндерімен ұштастырылған, - дейді Аймекен Сыздықова. – Алайда, бұл кітап аталған негізгі пәндер мазмұнын қайталайды деп қалмаңыз.

Оқулық жергілікті сипатқа ие. Мысалы, Қазақстан тарихы сабағында оқулықтың көмегімен жергілікті тарихты да оқытуға болады. Оқулық 5-7 сыныптарға арналған. «Өлкетанудың» авторларының бірі оқулық қазақ және орыс тілдерінде бөлек әзірленгенін айтады. Бұл әрбір тілдің ерекшелігін сақтап, материалды оқушыларға толық жеткізуге мүмкіндік берді.

«Өлкетану» курсы Қазақстанда пилоттық режимде енгізіледі. Оқулық «Рухани жаңғыру» және Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жүзеге асыру аясында дүниеге келді.

Айбек Жұматов

www.pavlodarnews.kz

Фото

7000

Фото

7001