680512 қазан бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ҚР мәдениет саласының құрметті қызметкері Зара Қожахметова дүниеге келген күн. Осыған орай Достық үйінде ұлағатты ұстазды еске алуға арналған «Ұлтын ұлықтаған асыл ана» атты дөңгелек үстел өтті.

Кездесуге  ұстаздың балалары мен туыстары, немерелері, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының басшылары мен бірге істеген әріптестері қатысты.

- Өңір жұртшылығына кеңінен танымал,  өмір  жолы ұрпаққа үлгі болар Зара Қожахметова 1940 жылы Павлодар қаласында туған, - деп өңірлік ҚХА төрағасының орынбасары Сейсембай Жетпісбаев асыл ананың абзал қасиеттеріне  тоқталып өтті. - Абай атындағы № 10 мектепті аяқтаған соң 1957 жылы Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтына түсіп, 1962 жылы   өзі оқыған білім ордасында мұғалім болып  еңбек жолын бастаған.  Көп жылғы адал еңбегі ескеріліп, 1985 жылы «ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. 1991 жылы құрылтайшылар отырысында облыстық мұсылман әйелдер қоғамының төрайымы болып сайланды. Облыстың құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері. Әкесі Қабдеш 1943 жылы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан. Анасы  Бәтима Қожахметова бала тәрбиесімен айналысқан.

Сондай-ақ, Зара Қабдешқызының бауыры Марат Торайғыров балалық шақтағы естеліктерімен бөлісті.

-  Зара менен бес жас үлкен болатын, - дейді бауыры. – 1950 жылдары қиын кезеңді бастан өткердік. Сонда Зараның қыста киген киімін әжеміз түймесін ғана ауыстырып, маған тігіп беретін. Киноға, мектепке барғанда  үнемі қамқорлық көрсететін. Оқу бітірген соң Алматыға да өзі шығарып салды. Ол кезде қалада такси, трамвай деген жоқ еді. Өзі атып шығып көшедегі жүк көлігін ұстап алып, әуежайға дейін алып барды.  Сыныптас достары Мәскеуде, Новосібірде  оқыған жоғары білімді азаматтар.  Зараны қатты сыйлайтын. Ол да мені бауырым деп  соңынан ертіп  жүретін. Қызметке тұрғанда, отбасылы болғанда жұбайымды қарсы алып, той-томалақты өзі басқарып, бүкіл туысқандардың ұйықтысы болған. Бір жылдың ішінде  апамыздың орны ойсырап, жетімсіреп қалдық. Шіркін, көзі тірісінде  әлі  талай тәлім-тәрбие беретін еді. Соңынан қалған ұрпағы аман болсын.

Облыстық мұсылман әйелдері лигасының төрайымы Бахытжамал Максилованың айтуынша, Зара Қожахметова қызметте ғана емес, өмірде жүріп-тұру, адаммен сөйлесу мәдениетін де үйретіп кеткен. Алдағы уақытта 12 қазан күні ұстаздың құрметіне арналған қайырымдылық шарасын  өткізу дәстүрге айналмақ.

Абай атындағы №10 дарынды балаларға арналған мектеп директорының орынбасары Шарбан Жұмаділова бірге жұмыс істеген кездегі қызықты сәттермен бөлісті.

-  Зара апай үлкен әріпті ұстаз, - дейді Шарбан Жұмаділова. - Өмір бойы  бір ғана №10 мектепте жұмыс істеген. Шәкірттерге үлгі болатын тамаша қасиетінің бірі -  мектеп табалдырығын аттаған сәтте екі тізесін  бүгіп, басын иіп  «Ой, қарашаңырағым-ай, амансың ба?!» деп шаңыраққа сәлем беретін.  Сондай-ақ, ұстаздарын қатты қадірлейтін еді. «Ұстазым Сара Ерденқызы керемет әдемі, сұлу болатын» деп, ұстаздарының алдында бала болып қалатын. Рәзия Асқарқызымен биелеген сәттері көз алдымда. Рауза Ақсарқызын құрметтеп, «Ойбай, біздің мектептің ханшайымдары, менің патшайым ұстаздарым келе жатыр» деп қарсы алған кездеріне куә болдым. Зара апай бүкіл елді жүрегіне сыйдырған ана. 

Ақбота Сейсенбаева

www.pavlodarnews.kz

Фото

6806

Фото

6807

Фото

6808

Фото

6809

Фото

6805