4017

- Баршамызға 2016 жылдың маңызы зор. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаймыз. Сонымен қатар, «НҰР АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің мерейтойы. Қазақ халқының ұлттық болмысын, мәдениеті мен салт-дәстүрін ұрпақтанұрпаққа жалғастыруда қазақ әйелдерінің қосатын үлесі зор, - дейді «НҰР АНА әлемі» бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова, - Тарихқа сүйенсек, ақылымен елді билеген дана аналарымыз тұтас елдің тыныштығын сақтады. 1991 жылы «Қазақстан мұсылман әйелдері лигасы» облыстық филиалы құрылды. 1997 жылы зейнетке шыққан аналар мен ардагер ұстаздардан тұратын «Ару ана» ансамблі өз жұмысын бастады. 2006 жылы «Жеңеше» би тобы құрылды. Ардақты аналарымыз «Ұршық биі», «Киіз басу», «Кесе сыңғыры» және «Қара жорға» биін билеп, елдің қошеметіне бөленді. 2011 жылы студент жастар мен қызметтегі арулардан құралған «Меруерт» клубы қатарға қосылды. Бұл уақытта лиганы басқарған Зара Қабдешқызы ұстазымның еңбегі зор. Мен аталмыш бірлестікте 3 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Бүгінгі таңда облысымыздың барлық ауданында «НҰР АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің филиалы қызмет етеді. Биыл шілде айында елімізде тұңғыш рет «Ақ орамал» акциясын бастаған болатынбыз. Аталмыш шара тамыз айында республикалық деңгейде өткізіле бастады. Бұл ретте біздің қоғамдық бірлестік неке сарайында жас жұбайларды құттықтап, облыстық перинаталды орталықтағы аналарға ақ орамал мен сыйлықтар табыс етті. Жуырда қоғамдық бірлестік өкілдері Түркістан қаласына барып, тарихи орындар мен ғимараттарды аралады. Киелі елден естелікке тайқазанның шағын үлгісін алып келдік. Алдағы уақытта аналарымыз оның ішін ақ тілектерге толтырады. Ұйымда «Мейірім» келіндер клубы, «Нұр болашақ» жастар қанаты қызмет етеді. Бұдан бөлек, аудандарға шығып, «тұсау кесу» рәсімін өткізіп, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді ортаға саламыз. Мәселен, өткен жылы Ақтоғай ауданында 18 баланың тұсауын кестік. Сондай-ақ, Лебяжі, Успен аудандарында «Бәсіре» салт-дәстүрін дәріптеген болатынбыз. Жергілікті тұрғындар өз ризашылығын білдірді.  

«НҰР АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің 25 жылдығы 25 қазанда тойланбақ. Қазіргі уақытта мерейтойға дайындық қызу жүруде. Бұл күні «Достық үйінде» этномәдени бірлестік өкілдерінің және қонақтардың қатысуымен «Ел бірлігі – аналардың асыл арманы» атты тақырыпта  конференция өтеді. Сонымен қатар қоғамдық бірлестікте 20 жылдан астам уақыт қызмет еткен ардақты аналардың құрметіне арналған «Алтын есімдер» кітабының тұсаукесері өтеді. Онда асыл аналарымыздың өмірбаяны, атқарған еңбектері мен марапаттары енгізілді. Аталмыш басылым татулық пен тыныштықты сақтаған ақ әжелеріміз үшін ерекше сый болады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, өңірімізге танымал ақын Сайрангүл Жүсіпованың «Ана жүрегі» атты кітабының тұсаукесері өтеді. Конференция барысында «НҰР АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінде өз еңбегімен көрінген, ұлтаралық достық пен ынтымақты сақтауға елеулі үлес қосқан аналарымыз арнайы мерейтойлық төсбелгімен марапатталады. Айтулы мереке Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында өз жалғасын табады. Өңірімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылып, облыстық этномәдени бірлестік өкілдерінің құттықтаулары тыңдалады.

 

Биыл - Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр. Ұлттық тәрбиенің мәйегі. Бұл мерекенің Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін маңызы зор. Ширек ғасырда шыңдалып, бірталай асуларды бағындырдық. Айтулы мерекемен қатар, өңірдегі мұсылман әйелдер лигасының атауы «НҰР АНА әлемі» қоғамдық бірлестігі болып өзгертілді.

 

Бастысы - бейбітшілік пен келісім. Жастар тәрбиесіне көп мән беру керекпіз. Олардың оқуы, жұмыспен қамтылуы басты назарға алынуы керек. Қазақ елін мекендеген жұртшылық қазақ тілін білуге міндетті. Облыстық «Достық үйінде» барлық ұлт өкілдері үшін қазақ тілі тегін оқытылады. Кез келген уақыт аралығында оқуға мүмкіндік бар. Қазақстанды мекендеп отырған  17 миллион халықтың тағдыры бір, өмірі бір, тіршілігі бір, мұңы бір, соның барлығы Елбасы айтқандай, бір ел, бір ту, бір тіл, бір діл қағидаты бойынша жүруі керек. Сол кезде Қазақстан халқының достығы берік, ынтымағы мықты болады.

Жазып алған – Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz

Фото

4017