311 Жуырда «Қазақстан мұсылман әйелдері лигасы» қоғамдық бірлестігі Отбасы күніне орай «Мейірім» атты келіндер тобының тұсау кесу рәсімін өткізді.

Көпшілікке мәлім, қоғамдық бірлестік тәрбие мен ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған іс-шараларды жиі ұйымдастырып, рухани байлықты насихаттап жатады. 

Міне, бүгінде Қазақстан Республикасының Отбасы күні екінші жыл қатарынан тойлануда. Бірлестік аталмыш мерей-той қарсаңында жаңа қадам басып, «Мейірім» атты келіндер тобының тұсау кесерін өткізді. 

Іс-шараның басында бірлестік төрайымы, Максилова Бақытжамал Шаханқызы: «Құрметті жиналған қауым! Осы салтанатты жиынға Ақсу, Екібастұз, Шарбақты, Успен аударынан біздің келіндерімізді көруге келіп отырған қонақтарымызға алғысымды білдіремін. Отбасындағы тәрбие басты құндылықтардың бірі болғандықтан аса зор көңіл бөлуіміз керек» - деп, алғы сөзін жалғастырды, жас келіндерге ақ тілегін білдірді. 

Келген қонақтардың алдында би билеп, ән айтып жүрген бірлестіктің әжелері ақылымен бас, көңілімен жас болып келетінін көрсетті. Іс-шара барысында «Ару аналар» ансамблі тұрмыс-салтқа негізделген, өскелең ұрпаққа арналған  әндерді бірінен соң бірі шырқады. Сонымен қатар, облыстық Достық үйінің өзге этномәдени бірлестіктері құттықтау ретінде өнерлерін паш етті. 

Биыл мұсылман әйелдер лигасының құрылғанына 23 жыл толғалы отыр. Осы уақыт аралығында елеулі еңбектерін қосып, «Ару аналар» хоры, «Жеңеше» би тобы, «Нұр болашақ» немерелер тобы ашылса, бүгін «Мейірім» атты келіндер клубы бірлестік қатарын толықтыруда. 

Қуанышына ортақтасып келген облыстық тілдер басқармасының басшысы Еділбай Қабжан Шорманұлы мен облыстық «Сарырқа самалы» газетінің бас редакторы Асыл Әбішев сөз сөйледі. Сонымен қатар, ізгі тілектер мен құттықтау сөздері Ақсу, Аққу, Май ауданы мұсылман әйелдер лигасы филиалының төрайымдары тарапынан айтылды. 

«Мейірім» тобының тұсау кесу рәсімін ардақты ана, ұлағатты ұстаз, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Зара Қабдешқызы Қожахметова өткізді. Дәстүріміз бойынша ақ бата тіленді!  

Мерей-той соңында «Орамал тастау» ойынын өткізіп, апайлардың көңілін одан әрі көтеріп, көрермендерді сергітіп жіберді. 

«Мейірім» келіндер тобының алғашқы қадамы ақ болсын! Маңызы зор іс-шаралар саны көп болғай! 

Мақсат Айтпаев

 

Фото 

311

 Фото 

312

 Фото 

313

 Фото 

314

 Фото 

315

 Фото 

316

 Фото 

317

 Фото 

320

 Фото 

319

 Фото 

321

 Фото 

322

 Фото 

323