19 .03«Қоғамдық келісім» ұжымында бүгін айрықша мерекелік-шығармашылық көңіл-күй орнады. Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымда кәсіподақтың қолдауымен екінші рет «Наурыз КЕРБЕЗІ – 2022» сайысы өтті. Көркем үлгідегі ұлттық киім киіп, әшекейлер тағынған қызметкерлер ұлттық тағамдардың сан алуан түрін дайындап әкелді. Қазақы ән мен күй шарықтады. «Қоғамдық келісім» мекемесінің барлық бөлімдері ұжым болып ұйымдасып, «НАУРЫЗ КЕРБЕЗІ – 2022» сайысына қатысушыларға көмектесіп, іс-шараға белсене, шығармашылықпен ат салысты.

 Әсемдіктің мерекесіне жиналғандардың барлығын Павлодар облысы Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Б.Қаппасов құттықтап, амандық, денсаулық, бақ-береке, елімізге тыныштық пен тұрақтылық тіледі.

 Алты қатысушы бес кезең бойы бақ сынасты. Олардың өнеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері: «Қоғамдық келісім кеңесінің» төрағасы Әбдіқалықов Идият Бекболатұлы, Павлодар облысының «Нұр-Ана әлемі» ҚБ төрайымы Максилова Бакытжамал Шаханқызы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Павлодар педагогикалық университеті» КЕАҚ гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті Аманова Әсел Серікқызы, Павлодар облысындағы «Ассамблея жастары» АҚБ өкілдігінің төрағасы Смаилов Рамиль Русланұлы баға беріп, қазылық етті.

 Сайысқа қатысқан арулар өздерін таныстыру барысында бейнеролик, презентация тәрізді әр түрлі тәсілдер мен жанрларды пайдалана отырып қазылар алқасы мен көрермен-әріптестерін таң қалдырды. Күнделікті көріп жүрген әріптес қыз-келіншектер өздерін басқа қырларымен көрсетті.

 «Жұлдызды сәт», «Ақ дастархан», «Зияткерлік этно-ринг» байқауларында да сұлулар өздерінің ұлттық салт-дәстүр, әдебиет пен тарих бойынша таным-тағылымдарын дәлелдеп, үздік болуға лайық екендіктерін растады. Мәселен, «Ақ дастархан» байқауында сайыскерлер ұлттық тағамдарды дайындап қана қоймай, оның жасалу жолы мен тарихын, мән-мағынасын аша білді.

 Өнер сайысында домбыра мен қобыздың қоңыр үнін әуелетіп, әдемі ән шырқаған нәзік жандылардың әрқайсысы өзінің ерекшелігі мен даралығын айшықтап, жарқ ете білді.

 Ал зияткерлік кезеңде арулар ақылдарына көркінің сай екендігін дәлелдеді. Сондай-ақ, кешкі киімді дефиле – подиум форматында көркеткенда де сұлулар бір-біріне дес бермеді.

 Осыншалық өнерге баға беріп, ең жақсысын таңдау қазылар алқасының мүшелеріне де оңай болмады. Алайда сайыс болған соң, жеңімпаз болуы шарт. Дегенмен, барлық арулар өздерінің сүйікті жар, аяулы ана екендіктерін, қызмет пен отбасының ошағын қатар жандырып, өз шаңырағында ұлттық салт-дәстүрді, тәрбиенің алтын қазығы болып отырғандығын көрсетті.

 Сонымен, «НАУРЫЗ КЕРБЕЗІ - 2022» атағына Дүйсенова Әйгерім Тұрмысқанқызы ие болды. Барлық қатысушылар дипломдар мен ақшалай сыйлыққа ие болды.

 Осындай жарқын және шынайы мереке үшін әріптестер бір-біріне шынайы алғыс білдірді.

Наурыз құтты болсын!