9300«Қоғамдық келісім» КММ-де ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы ашаршылыққа байланысты Павлодар Ертіс өңірінің тарихи орындарына жасалған экспедицияның қорытындысы бойынша «дөңгелек үстел» өтті. Дөңгелек үстел жұмысына Павлодар облысы ҚХА-ың ғылыми-сараптама тобының мүшелері, белгілі ғалымдар, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ғылыми-сараптама тобының төрайымы, экспедиция жетекшісі Сәуле Мамытова шараға қатысушыларға, сонымен қатар, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұрлан Күлжанға алғысын білдірді.
- Экспедиция мүшелері обылс орталығындағы, Екібастұз қаласындағы Баянауыл, Железин, Тереңкөл аудандарындағы ашаршылық құрбандарының  жаппай жерлеу орындарына барды - деді Сәуле Мамытова. - Қазақ даласындағы жаппай ашаршылық туралы деректер жинау ғалымдар қауымы тарапынан қыруар жұмыс пен тыңғылықты ізденісті қажет етеді.
Этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімнің - ҚХА хатшылығының бас маманы Теміров Ербол экспедиция жұмысы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия қызметінің бір саласы деп атап өтті.
- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы 24 қарашадағы Жарлығына сәйкес, Саяси қуғын - сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды, - деді ол. - Бірінші отырыста Мемлекеттік комиссияның төрағасы - ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев барлық облыстарда, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы деректер жинау үшін өңірлік комиссиялар құруды тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің 2021 жылғы 18 қаңтардағы өкімімен Өңірлік комиссия құрылып, оның құрамына мемлекеттік және арнайы органдардың, облыстық мұрағаттың басшылары, тарихшы ғалымдар мен Павлодар облысына жер аударылған этностардың өкілдері кірді.
- Қазіргі уақытта деректерді жинау және талдау үшін Өңірлік комиссия қызметінің бағыттары бойынша жұмыс топтары құрылып жатыр, - деді Ербол Теміров. - Бұл бағыттар – өткен ғасырдағы күштеп ұжымдастыру кезінде,  саяси лагерьлерде, айдауда жүріп қаза болған, кеңестік жүйеге қарсы шығу кезінде құрбан болған тұлғалардың,  II дүниежүзілік соғыс кезінде  тұтқынға түсіп, кейін саяси лагерьлерге жер аударылған сарбаздар, 1916-1930 жылдары түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен ашаршылық кезінде қаза болған адамдарды ақтау жұмыстары болып табылады.
Кездесуге қатысушылар саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын ақтау бойынша өз ойларын ортаға салып, басқосу соңында ашаршылық құрбандарының жерлеу орындарына жасалған экспедиция жұмысының нәтижесі бойынша жинақ шығару туралы ұсыныс жасады.

Фото

9300

Фото

9301