9247Наурыз мейрамына орай қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын әсем безендірілген трамвай Павлодар қаласында жолға шықты. Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы өз бастамасын Наурыз мерекесіне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады.
- Тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізде тұрып жатқан барлық этностар ҚХА қамқорлығымен өздерінің салт-дәстүрлерін дамытуға мүмкіндік алды, - дейді ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айнұр Раисова. - Біздің этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтайды.
«Ватан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмудов Джафар ұзақ жылдар бойы трамвай басқармасында жұмыс істеген. Ол Ассамблея трамвайы мереке қарсаңында рәсімделіп, жыл соңына дейін  жүретінін түсіндірді.
- Біз алғашқы сапарымызды №2 маршрут бойынша бастауды жөн ұйғардық, - дейді Джафар Махмудов. - Алдағы уақытта ҚХА трамвайы №5 бағыт бойынша жүретін болады.
Мерекелік себепке орай №102 вагонды «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ Басқарма төрағасы Мүслім Джафаров өзі жүргізді. Ол еңбек жолын 1988 жылы трамвай басқармасында үшінші класты трамвай жүргізушісі болып бастаған еді. Ассамблеяның жастар ұйымының мүшелері  жолаушыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, тәтті сыйлықтар таратты. ҚХА шығармашылық ұжымдары домбыра мен сырнайдың  сүйемелдеуімен қазақ халық әндерімен орындап, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Фото

9247

Фото

9248

Фото

9249

Фото

9250

Фото

9251