9194Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Ана тілі» орталығымен бірлескен «Келіңіздер, қазақша сөйлесейік» жобасына өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қолдау көрсетті. Облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері қазақ тілін оқуға қызығушылық танытып, жаңа жобаның заманауи ерекшіліктерін атап өтті.
«Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова қазіргі кездегі карантин жағдайында қазақ тілін қашықтықтан оқу үшін QR-кодты сканерлеп ana-tili.kz сайты арқылы оқудың тиімділігі туралы айтып берді.
Сайтқа өткеннен кейін пайдаланушы түрлі тапсырмалар мен тілдік модульдерді таңдап, оларды өздігімен орындай алады, - дейді Шолпан Кинжикова. – Тапсырмалар күнделікті өмірдегі жағдаяттарға лайықталған. Сондықтан, тіл үйренушілер қарапайым сөз тіркестерін үйреніп, оларды қолдану дағдыларын тез жетілдіре алады.
Жаңа әдістеменің тиімділігін осы жоба арқылы тіл үйрене бастаған этнос өкілдері де растады. Олардың бірі – «Буковина» румын-молдаван мәдени қоғамының өкілі Ольга Пфафенгут.
Жаңа жоба қазақ тілін үйренгісі келетіндер үшін зор мүмкіндіктер ашады, - деді Ольга Пфафенгут. – Сайт арқылы орындаған тапсырмалардың жауаптарын оқытушылар күнделікті тексеріп, олқы тұстарды жетілдіруге кеңес береді, яғни кері байланыс жақсы жүйеге қойылған.
Атап өту керек, Павлодар облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілді зерттеу, оның қолдану аясын кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылы республикалық «Мың бала» жобасының облыстық кезеңіне өңірдегі түрлі этнос өкілдерінің жастары қатысып, қазақ тілін жетік меңгергендерін көрсетті. Ақын Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасын жатқа оқыған ингуш қызы Галина Евлоева жеңімпаз атанды.

Фото

9194

Фото

9195

Фото

9196