- Толығырақ
-
Жарияланды 18 Ақпан 2021
«Халкъан Барт» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Садулаев Гилани мерейлі 60 жасқа келді. Павлодар облысы ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Айнұр Сәрсенбаева және шешен-этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шамиль Жабраилов мерейтой иесін құттықтап, Павлодар облысының әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың алғыс хаты мен естелік сыйлық табыстады.
- Сіз «Халъкан Барт» бірлестігінің мүшесі ретінде туған халқыңыздың мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін насихаттауға мол үлес қосып келесіз, - деді Айнұр Сәрсенбаева. – Сіз Ассамблеяның тарапынан атқарылатын барлық қайырымдылық іс-шараларға қаржылай қолдау көрсетіп, ізгілікті насихаттау жолында еңбек етесіз. Сол үшін де Сізге алғыс айтамын.
Гилани Ахметұлы 1961 жылғы 18-ақпан күні бұрынғы Лебяжі, қазіргі Аққулы ауданының Қызылқоғам ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Ахмет 1944 жылы Кавказдан жиырма бір жасында аға-әпкелерімен жер аударылып, Қызылқоғам ауылының бөлімшесі Қималы ауылына қоныстанды. Жер аудару кезінде Ахметтің екі қарындасы темір жол вагондарындағы ауыртпалыққа шыдамай, қайтыс болады. Ахмет Садулаев осы жерде еңбек етіп, отбасын құрып, шаңырақ көтерді. Мал шаруашылығында ұзақ жылдар еңбек етіп, алдыңғы қатарлы шопан ретінде көптеген мадақтауларға ие болды. ОЛ кісінің ұл-қыздарының бәрі қазақ мектебінде білім алып, қазақ отбасының балаларымен ойнап өсті.
- Қазақ мектебін аяқтап, білім алған соң ауылда қара жұмыс істедім, - дейді Гилани Садулаев. – Ол кездің өзінде жылымық жылдары келіп, бұрынғыдай комендатураға есеп тапсырып отырмасақ та, кеңес үкіметі бізге «жер аударылғандардың ұрпағы» деп салқын қабақпен қарайтын. Әрі ауыл балалары туған жерінде еңбек етіп, мал шаруашылығын көтеру керек деген бейресми нұсқау да болды.
Гилани Ахметұлы 1991 жылы отбасын құрып, 1993 жылы Павлодар қаласына қоныс аударды. Зайыбы Марина екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қызы Аймани Павлодар қаласындағы медициналық колледжді тәмамдап, кейін Семей медициналық академиясында білімін жетілдіріп, қазір облыс орталығындағы №3 емханада психиатр болып қызмет етеді. Ұлы Арби жеке кәсібімен айналысады.
Ресми деректер бойынша 1944 жылғы 23-ақпан мен 9-наурыз аралығында Қазақстан мен Қырғызстан аумағына 500-650 мың шешен-ингуштер жер аударылды. Жолдағы ауыртпалықтарға шыдамаған қарт адамдар мен жас балалардың көбі қайтыс болды. Қазақстанға қоныс аударған шешен-ингуштер қазақ халқының мейірбандығы мен қамқорлығының арқасында аман қалғанын айтады.
Фото
Фото