ПрезидентҚазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың «EgemenQazaqstan» газетіндежарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы әрбір қазақстандықтарды бей-жай қалдырған жоқ. Өйткені бұл әр қазақтыңкөкейінде жүрген көкейкесті мәселе болатын. Мақала төрт тараудан тұрады. Әр тарау қарапайым халыққа түсінікті, байыпты, салиқалы түрде берілген.
Алғашқы тарау«Бағдар мен белес» деп аталады. Бұл тарауда ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың қалай алынғанын және оны қалай тұғырлы сақтап келе жатқанымызды баян етеді. Осы бөлімде егемендіктің алған алғашқы жылдардағы болған әр түрлі дағдарыстардан аман-есен өткеніміздің тарихы терең талдаданады. Әсіресе, осы кезеңдегі шекара мәселесінің біржола шешілуі үлкен тарихи мәні бар мәселе болғандығы айтылады. Бұл келер ұрпақтың өсіп-өнуіне ел үшін адал қызмет етудің ең басты кепілі болған еді.
«Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез-келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз» деп Президент  Қ.Тоқаев қазақ елінің ынтымаққа, бірлікке, әділдікке шыншылдыққа бейім ел екендігін атап көрсетті.
Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Осы жылдары өсіп жетілген жастарымыздың сана-сезімі, дүниетанымы, ұлттық болмыстары өркениетке сай дамып әлемдік мәдениеттің көшінен қалмай келеді. Осы тұрғыдан келгенде барша жұрттың әсіресе, жас ұрпақтардың өз Отаны туралы түсініктері әрқашан мығым әрі берік болуы тиіс екендігін айтады. Шындығында, қазіргі заманда келешек ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда біздің ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге деген ықыласымыз күшейді. Президентіміз осы мәдени шаралар жөніндегі атқарылған сүбелі істерді жеке-жеке  атап өтеді. Келешекте осындай тарихи дүниелерді жаңғыртуды одан әрі қарай жалғастыруға кеңес береді.
«Таным мен тағылым» атты бөлімінде сонау «Алтын Орда» дәуірінен бастап Алаш қайраткерлерінің тағылымы мен тәуелсіздік идеяларының мазмұны мен мәні туралы терең толғайды. Осы тұрғыдан келгенде Алаш қайраткерлерінің асыл мұраларын одан әрі тереңірек зерттеуді алға қояды. Сондай-ақ, қазақ халқының басына нәубәт болып түскен 1921-22 кезеңнің ағын анықтап, шындығын айтатын кез келгенін баса айтты. Қазақ елінің тарихындағы осы сияқты басқа да ақтаңдақ беттерді ашылу керек екендігін өте дұрыс көрсетті.Осындай тарихи мәселелерді зерделеуде Президент Қ.Тоқаев ұраншылдық пен даңғазасыз таза ғылыми ұстаныммен жүру керектігін айтты.
Әсіресе, Тәуелсіздігіміздің басы басталған әр қазақтың жүрегінде шер болып қатып қалған «Желтоқсан оқиғасы» деп қана аталған сол кездегі қазақ жастарының көтерілісі туралы өте жақсы айтылды. «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек. Біз жыл соңына дейін жаңа тарихымыздағы бірнеше айтулы оқиғаның мерейлі белесін атап өтеміз».
Тәуелсіздік таңының атуына жандарын қиған сол кездегі (1986 жылғы)көтерілген жастардың статусын айқындайтын уақыттың  туғанын баян етті. Бұл сол көтеріліске қатысқан азаматтар мен азаматшаларға деген әділ құрмет болар еді. Президент Қ. Тоқаев қазақ елінің жаңа тарихын жүйелі зерттеп академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу керектігін баса атап өтті. Шындығында да, бүгінгі еліміз бен жеріміздің кең байлығына, тұтастығына көз тігушілер бар екенін ескере отырып, қазақ елінің шежіресін сонау көне заманнан бастап бүгінгіге дейін тарихын жазу туралы өте жақсы айтты.
«Қоғам мен құндылық» деп аталған үшінші бөлімде Президент қасиетті қазақ жерінің қадірін біліп, ата-бабамыздан қалған ұлттық санамызды одан әрі қарай жетілдіре отырып ұлттық тарихмыздың тамырын тереңнен тебірену керектігін баса айтады. Кезінде әр түрлі саясми жағдайларға қарамастан шекарамызды бекітіп тұтастығымызды күмән келтірместей етіп бекітіп алғандығымызды Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың көрегендігі салиқалы саясаткер екендігін дәлелдеп берді. Сондай-ақ, осы тарауда жер мәселесі туралы өте жақсы айтылған: «...жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. ...Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет. Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада».Осыдан артық айту мүмкін емес. Жер тағдыры туралы әрбір қазақтың жүрегінен орын табылатын тамаша ойлар да осы тарауда айтылады. Ең бастысы жерміз шетелдіктерге ешқашан сатылмайды. Басты түйін осы.
Осы тараудың ең бір құнды жері әр қазақтың көкейінде шешілмей жүрген тіл мәселесі туралы өте ашық және айқын  айтылды. Мұнда мемлекеттік тілді білу әрбір азаматтың парызы әрі міндеті екендігі баса көрсетілді.
Президент Қ.К.Тоқаев қазақ тілін жете меңгере қоймаған Отандастарымызға мемлекеттік тілді үйрену туралы үндеу тастады. Мемлекеттік тіл Қазақстанның барлық жерінде қолданылуға тиіс екендігі және ешқандай талқылауды қажет етпейтін аксиома деп қарау керектігін көрсетті.
Қай заманда болмасын береке, ырыс, ынтымақ болған жерде татулық, бірлік болады. Қазақ елі қашанда бірліктің, әділеттіктің болғанын қалайтын бауырмал ел. Бауырмалдық біздің ата-бабамыздан қалып, қанымызға сіңген қасиет.  Осының арқасында қазақ елі бірнеше ұлттың өкілдерін бауырына басып, туғаныңдай көріп келеді. Міне, осы жөнінде мақалада өте тамаша айтылған. Кемелді келешекке бастайтын дара жол екендігін айтады.
Мақаланың соңғы төртінші бөлімі «Ұлағат пен ұстаным» деп аталады. Мұнда соңғы кездерде көп айтылып жүрген қоғамды жан-жақты дамыту мен маңызы зор саяси реформаларды дәйекті түрде әрі қарай жалғастыру керек екендігі айтылған. Әсіресе, қазіргі замандағы білім мен біліктің дәуірі жүріп тұрған кезде– ХХІ ғасырдағы қазақ халқының заманауи технологиядан қалыспай, әрбір жеке тұлға өзін жетілдіріп, ел дамуының ең басты  қозғаушы күшіне айналуына тиіс екендігі айтылған. Ал осындай іскер, ойшыл, өнертапқыш  азаматтарға жан-жақты қамқор болу – бұл мемлекеттің зор міндеті екендігі ерекшеленеді.Осыған орай. Президент Тәуелсіздікті баянды ететін келешек талантты, талапты  буынға сенім артады.

Н.Күлжан
Павлодар облысы
«Қоғамдық келісім» КММ басшысы

Фото

Президент

Фото

kulzhan