ПрезидентҚазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты жарияланған мақаласын толық оқыдым. Бұл мақалада еліміздің болашақ дамуына қосар ойлар нақты айтылуымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев уақыт оздырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар екенін айтты. Ол - халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азаюы. «Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызыдылығын, сондықтан оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайтынын баса айтты. Осыған байланысты халықтың шетелдерге немесе қалаға үдіре көшуіне тосқауыл қою үшін ауылдық елді-мекендердегі тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу, оны іске асыру жол картасын жасау қажет.
Қазіргі кезде этникалық қандастардың көші-қон мəселесімен нақты қандай құзырлы министрлік айналысатыны белгісіз.  Қазақстанда ондай арнайы құзырлы министрлік жоқ.  Кейбір министрліктердегі комитет, басқармалар көші-қонға дұрыс көңіл бөлмейді және олар шетел қазақтарының елімізге қажет екендігін түсінбейді. Сондықтан да, елімізде көші-қонмен тікелей айналысатын арнайы министрлік құрып, этникалық қандастарды ұйымдастырылған түрде көшіріп әкелуге, оларды қоныстандыруға аса көңіл бөлу сияқты жұмысты жүйелеу заманның талабы деп ойлаймын.
Осы бағыт бойынша әсіресе еліміздің солтүстік өңірлеріндегі облыс, қала, аудан әкімдерінде көші-қонды ұйымдастыру, көшіп келген қандастардың тұрмыс-жағдайын оңалтуға бағдарлама дайындалып, жыл сайынғы жергілікті бюджетке кіргізсе нәтижелі жұмыс болары сөзсіз...

 

Болат Зауыт
«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ
Павлодар облыстық филиалының басшысы

Фото

Президент

 

Фото

Зауыт Болат