9025Баянауыл – Ертіс маңының тарих пен әпсаналардың, қасиетті жерлер мен мәдени мұралардың шоғыры тұнған мекен. Көркем табиғат көріністерімен танылған, халқына талай мәдениет пен әдебиет саңлақтарын сыйлаған шұрайлы өлке. ҚХА-ның мүшелері қыркүйектің 21 жұлдызында «Елтану» туристік-өлкетану экспедициясы шеңберінде киелі Баянауыл жеріндегі тарихи-мәдени ескерткіштерімен және көне заманның нысандарымен танысуға жол тартты.
Сапардың басты мақсаты – тарихи-мәдени мұралар ескерткіштерін сақтау және насихаттау, Қазақстанның сакралды географиясы туралы білімді арттыру. Экспедицияның бағдары қазақ әдебиетінің жарқын тұлғаларының бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесінен басталған. Экспедициялық топты сүйемелдеген жергілікті өлкетанушы, ақын-қаламгердің өмірлік жолы мен туындылары туралы мол мағлұмат берді. Кесенесінің басында құран оқылып, есіміне құрмет көрсетілгеннен кейін жол «Мұртты қорғандар» көне нысанымен жалғанды.
- Ежелгі сақтар б.з.д. 7-8 жылдар шамасында өмір сүрген халық. «Мұртты қорған» ежелгі нысаны екі жақтан көсілген жолақшаларына қарап өз атауын алған. Бұл жер сақ мәдениеті заманында күнге табынған адамдардың ғибадатханасы болған және құрбандық шалу рәсімдері өткізіліп отырған. Ежелде бұл тас бағаналарды табиғаттың дүлей күштеріне кейіптеген, олардың көктен биоағымдарды өткізетін қасиеті адам ағзасына шипагерлік әсері барына сенген. 2007 жылы алғашқы археологиялық қазбалар өткізілгеннен кейін, бұл жер ашық аспан астындағы мұражай атанған, -деп Жұман Дюсекейұлы баяндаған.
Экспедиция барысында қатысушылар жергілікті сұлу табиғат көріністерін тамашалады. Заңғар таулар мен жартастардың ерекше мүсіндері тамсандырмай қоймады.
Келесі бағдар бойынша топ қазақ халқының көрнекті ақыны, ойшылы, шығыстанушысы – Мәшһүр-Жүсіп Көпейүлының кесенесіне аялдады. Мұражай бойынша экскурсия өткізіліп, өмірінен сыр шертетін экспозициялармен таныстырылды.
Экспедиция Қаныш Имантайұлы Сәтпаев атындағы мұражайына барумен тәмамдалды. Арнайы экскурсиядан кейін, ары қарай аудан әкімінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Отырыс барысында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, аудан әкімшілігіне жылы қарсы алғандары үшін алғыстарын білдірді.
Қатысушылар аталмыш танымдық сапардың оларды жігерлендіре түскенін айтып, тарихи-мәдени оқиғаларға толы киелі жерлердің бел ортасында болып оңды әсер алғандарын жасырмады.

Фото

9025

Фото

9026

Фото

9027

Фото

9028

Фото

9029

Фото

9030