- Толығырақ
-
Жарияланды 12 Желтоқсан 2018
Жуырда Түркия елінің Ыстанбұл және Анкара қараларында Халықаралық ТҮРКСОЙ мәдени ұйымының ұйымдастыруымен атақты композитор, ақын Естай Беркімбаевтың 150 жылдық мерейтойы аталып өтті. Алғашқы конференция Ыстанбұл қаласындағы Айдын университетінде өтсе, екінші жиын Анкара қаласындағы ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылды.
Іс-шараға Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Бақыт Бексейітова, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы, облыстық ҚХА мүшесі Алтынбек Нухұлы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, облыстық ҚХА жанындағы бас редакторлар және этножурналистер клубының төрағасы Мұхит Омаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шахимардан Әбілов, ақын ұрпағы Әбілқақ Түгелбаев, Қазақстан мәдениет қауымдастығының мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ақын және композитор Естай Беркімбаевтың қазіргі заманғы және дәстүрлі қазақ музыкасының дамуына үлес қосқан, оның өсіп келе жатқан ұрпақ бойында Отаүға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
- Естай – аса дарынды, атақты ақын. Оның әндері бүкіл әлемге танымал. Естай қазақ халқының аса көрнекті өкілі. Біз оны мақтаныш тұтамыз. Сондықтан да ақын мерейтойы Қазақстанның түкпір-түкпірінде аталып жатыр, - деді Бақыт Бексейітова. Облыстық мәслихат хатшысы халықаралық конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырған ТҮРКСОЙ ұйымының жұмысын атап өтті.
«Естай Беркімбаевтың шығармашылығын жастар да, аға буын да жақсы көреді. Композитордың шығармашылығы тек қазақ халқына ғана емес, сонымен бірге бүкіл түркі жұртына ортақ. Осыған байланысты ТҮРКСОЙ ұйымы көптеген игі жұмыстар атқаруда. Түркі халықтарының мәдениеті музыкасы, өнері мен салт-дәстүрі кеңінен таралуда», - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов.
Кездесу барысында ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлы, профессор Мұхит Омаров пен Әбілқақ Түгелбаев композитордың өмірі мен шығармашылығы туралы тарихи деректермен бөлісті. Медғат Манаповтың орындауында Естай Беркімбаевтың «Жайқоңыр», «Бір мысқал», «Юран-ай» әндері айтылды.
Мерекелік шарада Дүйсен Қасейінов өз атынан Павлодар облыстық мәслихатының бас хатшысы Бахыт Бексеитоваға және ҚР еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбіловке «ТҮРКСОЙ – 25 жыл» медалін тапсырды. Ал ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлына «Шыңғыс Айтматов» медалі мен «Мағжан Жұмабаев» төсбелгісі табыс етілді.
ТҮРКСОЙ штаб-пәтерінде өткізілген шараға Түркиядағы Қазақстан елшілігінің дипломаттары, түрік зиялы қауымы мен қазақ диаспорасы өкілдері қатысты.
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото