- Толығырақ
-
Жарияланды 30 Тамыз 2017
Ел ішінде адал еңбек, маңдай терінің арқасында биік белестерді бағындырып, көпке үлгі болған азаматтар аз емес. Соның бірі, саналы ғұмырын өңірдің гүлденуіне арнаған, Павлодар қаласының Құрметті азаматы, «Ватан» әзербайжандар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы - Джафар Махмудов.
Өмірінің 55 жыл уақытын еңбекке арнаған Джафар Джафарұлы биыл 80 жасқа толып отыр. Еселі еңбек иесінің мерейтойы ескерусіз қалған жоқ. Салтанатты жиында еңбек ардагерінің қуанышына ортақтасып елдің елеулі азаматтары, ардагерлер қауымы, Облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенді мүшелері, «Нұр Отан» партиясы мен мемлекеттік органдардың өкілдері, қызметтес болған әріптестері мен туыстары арнайы қатысты.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев Д.Махмудовтың жолаушы тасымалдау саласына сіңірген сүбелі еңбегіне тоқталып, аймақ тұрғындары атынан алғыс білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
Джафар Джафарұлы өзінің еңбек жолының басым бөлігін Павлодар қаласындағы трамвай басқармасына арнаған. Сонау тоқырау жылдары трамвай кәсіпорнының жұмысы құлдыраған шақта осы салаға басшылық қызметке келген Д.Махмудовтың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде трамвай көлігі тек республикада ғана емес, кеңес одағындағы ең бір мықты кәсіпорындар қатарына енді.
Бүгінде Павлодар қаласындағы трамвай көлігі тұрғындардың ыстық ықыласына бөленіп, ең ыңғайлы қатынас көлігіне айналып үлгерді. Еліміз жаңа Тәуелсіздігін алған тоқсаныншы жылдардың басында трамвай желісінің көлемі артып, Усолка, Дачный мөлтек аудандары тұрғындары алаңсыз көлік қызметін пайдалануға қол жеткізді. Трамвай көлігі таңғы сағат 6-дан түн жарымына дейін ел игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Осы игі істердің басында Джафар Джафарұлының тұрғанын біреу білсе біреу біле бермейді.
Мерейтой иесі өзінің салиқалы жасына қарамастан еңбектен қол үзген емес. Барлық күш-жігерін өзінің туған еліне, отбасына арнаған азамат қай уақытта болмасын маңызды мәдени-қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылады. Осындай беделді азаматтың өмір жолы, тәжірибесі жастарға үлгі мен өнеге.
Хонж Алпысбай
"Сарыарқа самалы" облыстық газетінің тілшісі
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото
Фото